Министр: Соңғы қоңырау онлайн форматта өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналистердің қатысуымен өткен онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

Соңғы екі ай мектептер қашықтан оқыту жүйесімен оқығандықтан, соңғы қоңырау жылдағыдай үйреншікті форматта өткізілмейді. 25 мамырда соңғы қоңырауды онлайн форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Әр мектептің әр сыныбының ұстаздары сынып сағаты форматындағыдай тиісті шаралар ұйымдастырады. Себебі, жылды қорытындылап, жыл бойына үздік баға көрсетіп, жетістікке жеткен оқушыларды лайықты түрде мадақтау керек, - деді министр. 

Министрдің айтуынша, 11-сынып оқушыларына аттестат тапсыру рәсімі 3-4 маусым күндері өткізіледі. 

Елдегі жағдайға қарамастан, ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен ақылдаса келе, аттестат тапсыру рәсімін әдеттегідей өткізу керек деп шештік. Дәл осы күндері 11 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырауды да бірге өткізуді жоспарлап отырмыз. Қалай дегенмен де, бұл әр оқушының өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Әрине, санитариялық талаптар қатаң сақталады. Біз балалар мен оқытушылардың денсаулығын басты назарға қоямыз. Шара далада өтіп, қатысушылардың барлығынан қорғаныш киімдерін кию талап етіледі. Сондай-ақ, келетін қонақтар санына да шектеу бар. Көп дегенде екі-ақ адам келуі керек. Әр сынып аттестат тапсыру рәсімі мен соңғы қоңырау шарасын жеке-жеке өткізеді. Шара өтетін жерлерде адамдар арасында арақашықтық сақтау үшін арнайы белгілер қойылады. Сонымен қатар, біз созылмалы аурулары бар адамдар мен қарттардың рәсімге қатыспауын сұраймыз, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы