Министр: ШОБ 2025 жылы ел экономикасын 35%-ке арттырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бесінші отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев кәсіпкерлік қызметті реттеудің жаңа тәсілдерін таныстырды.

Министр түсіндіргендей, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік жаңа экономикалық жағдайдағы кәсіпкерлік қызметті жандандыру және жеке капиталды тарту үшін ынталандыру шартын қалыптастыруға бағытталған жаңа реттеуші саясат мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірледі.

Бизнеске түсетін салмақты түбегейлі азайту, оңтайлы және тиімді реттеу жүйесін құру үшін кәсіпкерлік қызметті жаңадан реттеу тәсілдері құрылып отыр. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу тиімділігі мемлекет пен бизнестің өзара іс - қимылының жаңа қағидатын имплементациялау арқылы қамтамасыз етіледі, - деді Ә.Ерғалиев.

Жаңадан реттеу «1-in 2-OUT» - екеудің орнына бір реттеушілік талап қағидатын енгізуді көздейді. Яғни, мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талап жойылады. Мемлекет енгізетін кез келген талап негізді, орындалатын, болжамды және соған мөлшерлес болуы тиіс.

Бұдан басқа, заң жобасында реттеушілік апелляция институтын енгізу қарастырылған. Бұл механизм кәсіпкерлердің шағымы бойынша бизнеске қатысты тиімсіз талаптардан тұратын мемлекеттік органдардың актілерінің күшін жоюға немесе қайта қарауға мүмкіндік береді.

«Реттеуші құмсалғыш» құралын табысты қолданудың әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа талаптарды тәжірибе жүзінде сынақтан өткізу үшін ерекше құқықтық режім енгізу ұсынылады. Эксперименттік режім кейіннен осы талаптарды енгізудің орындылығы туралы қорытынды шығара отырып, белгілі бір аумақ немесе сала шеңберінде жаңа реттегіш құралдарды «тестілеуге» мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Міндетті талаптар тізілімін құру қарастырылып жатқанын атап өтті. Оған тек реттеушілік саясаттың жаңа шарттарына сәйкес келетін талаптар енгізіледі. Тізілімде нормативтік құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімі айқындалады. Мұның бәрі бизнеске кері әсер ететін талаптарға қатысты «реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Әкімшілік жүктемені азайту үшін ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, тек электрондық нысанда есеп беру, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектілерін іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыру туралы талап заңнамалық түрде бекітілмек. 2022 жылы автоматтандырылған есеп жүргізілетін ақпараттық жүйе интеграцияланады. 2023 жылы автоматтандырылмаған есептілік, тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі цифрландырылады, - деді министр.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау жоспарлануда. Бақылау органдарының заңнама талаптарының бұзылуына, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және ұлттық қауіпсіздікке залал келтірген оқиғалардың туындауына себептерді және жауапты тұлғаларды анықтау бойынша кешенді іс-қимылын білдіретін мемлекеттік бақылаудың жаңа «тергеу» нысаны енгізіледі.

Іскерлік ахуалдың болжамдылығын жақсарту үшін бизнес үшін НҚА-ның кері күшін қолдануды болдырмау қолға алынады. Бұл тыйым бизнеске жаңа міндеттер жүктеп, оның жауапкершілігін күшейтеді, сондай-ақ бизнестің жағдайын нашарлататын нормаларға қолданылады.

Қабылданған шаралар шағын және орта бизнестің ел экономикасына үлесін 2025 жылы 35%-ке арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені едәуір төмендетіп, өнімділік пен кірістің өсуіне ықпал етеді, - деді Әсет Ерғалиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы