Министр Ресейдегі мобилизация Қазақстанға қалай әсер еткенін айтты

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«Ресейде ішінара мобилизация жарияланғанына 2 ай өтті. Бұл жағдайдың Қазақстан экономикасына қалай әсер етті? Жағымды және жағымсыз жақтарын айтып берсеңіз. Салдары болды ма?» деп сұрады тілші министрден. 

Әзірше «негатив» жағын айта алмаймын. Бұған дейін бұл жағдайдың уақытша құбылыс екенін айтқан болатынмын. Шынымен де, солай болды. Қазақстанға келген ресейліктердің үштен екісі (Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін – ред.), бұл дегеніміз – алғашқы 2 аптада 200 мың ресейлік елден шығып кетті. Олар Қазақстан аумағын транзит ретінде пайдаланды. Қалғандары елде (Қазақстанда – ред.) тұруға ықтиярхат алмаса, оқуға түспесе және емделмесе, тек 90 күн бола алады. Олардың осындай құқығы бар, -деп түсіндірді ведомство басшысы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.  

Айтуынша, бастапқыда әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түскен.

Алғашында әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түсті. Жалпы, мәселе шешілді. Қазақстан өзінің қонақжайлығын көрсетті. Сондай-ақ біз барлық қызметтің уақытында көрсетілуін қамтамасыз етіп, қазақстандықтардың мүддесін қорғадық, - деді министр.

Сонымен қатар ол мәселенің жағымды жағы барын да алға тартты. 

Енді жағымды жағына тоқталайын. Менің ойымша, жоғары біліктілікті талап ететін салаларды алайық. Бұл жағдай салада әділ бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтарымыздың біліктігін арттыруға мүмкіндік біреді. Мысалы, IT саласы. Коронавирус пандемиясы бұл саланың дамуына серпін берді. Бізге Ресей, Беларусь және Украинаның IT-мамандары ағылды. Бұл экономиканың дамуына оң әсер етеді деп ойлаймын. Оның ішінде – цифрландыру саласына ықпалы бар. Мұндай ағын болған жағдайда бұл тұтынушылық сұранысқа әсерін тигізеді. Әрине, бағаға әсерін тигізеді. Басында «ажиотаж» болды. Кейін жағдай тұрақталды ғой. Менің ойымша, сауда балансына да оң әсерін тигізді. Себебі, адамдар осында келіп, түрлік қызметтер мен тауарларды сатып алады, яғни біз қызметтерді экспорттадық. Оны осында ресейліктерге саттық. Мұны өз аумағымыздағы қызмет көрсету экпорты дейді. Бұл да жалпы сауда балансына оң әсерін тигізді, - деді Әлібек Қуантыров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы