Министр: Қазақстанда мобильді интернет әлемдік орташа бағадан үш есе арзан
Елімізде мобильді интернеттің орташа айлық тарифі 10 доллар болса, әлемдік орташа баға 27 долларды құрайды.
Қазақстанда мобильді интернет тарифінің құны әлемдік орташа көрсеткіштен үш есе дерлік төмен. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, биылғы қарашадағы рейтинг нәтижесі бойынша Қазақстан мобильді интернеттің қолжетімділігі жөнінен байланыс жылдамдығы жоғары 55 елдің арасында жетінші орынға шыққан.
Еліміздегі мобильді интернет тарифінің орташа құны айына шамамен 10 долларды құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен – 27 доллардан үш есе дерлік төмен, – деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар министр интернет-трафик көлемінің артуына байланысты байланыс операторлары желіні дамытуға инвестиция салуды жалғастырып, интернет жылдамдығын арттырып, 5G желісінің қамту аясын кеңейтуі қажет екенін атап өтті.
Тарифтердің халық үшін қолжетімділігін сақтап, сонымен бірге саланың инвестиция тартуға тартымдылығын қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет, – деп толықтырды ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда интернет жылдамдығы 70 пайызға артқаны айтылды.