Министр қандай пайдалы қазбаларға барлау жұмыстары жүргізілетінін айтты
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев еліміздің пайдалы қазбаларына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің минералдық-шикізат базасында 987 қатты пайдалы қазбалардың кен орны есепке алынған. Соңғы 30 жылда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қорларының өсуі байқалады. Мәселен, алтын бойынша қорлардың толу коэффициенті 1,2-ге жетеді. Бұл дегеніміз - өндірілген бір тонна алтынның орнына бір де екі тонна алтын қоры толығып жатыр. Ал мыс, мырыш, қорғасын және алюминий қорлары бойынша тереңдетілген геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Мәселен, мыс бойынша қорлардың толу коэффициенті – 0,7. Сонымен бірге, мыстың перспективалы учаскелері белсенді түрде барлануда, - деді ведомство басшысы.
Оның атап өтуінше, геология және жер қойнауын пайдалану салаларының ашықтығын қамтамасыз ету үшін заңнамалық және институционалдық реформалар жүргізіліп, 2018 жылы жаңа кодекс қабылданды.
Реформа аясында еліміздің барлық аумағына геологиялық барлау жүргізу мүмкіндігі ашылды. Геологиялық барлау лицензиясын өтінімді бірінші болып енгізген инвесторға беру тәртібі енгізілді. 2018 жылдан бері 2 906 барлау лицензиясы және 111 өндіру лицензиясы берілді. Жер қойнауын пайдалану құқығы 1991 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 6 алты есе көп берілді. Осылайша, геология саласына 1 млрд доллар жеке инвестициялар тартылды. Сонымен қатар, осы жылдың 1 қаңтарында қатты пайдалы қазбалар қорларын CRIRSCO халықаралық жүйесіне сай KazRC стандартына көшіру жүзеге асырылды. Биыл 11 айда 58 қатты пайдалы қазбалар кен орны бойынша KazRC стандартына сәйкес геологиялық есептер қабылданды, - деді Шарлапаев.