Министр: Әкімдерге отандық IT-шешімдерді пайдалануды ұсындым
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірлерді цифрландыру және #SmartCity жобаларын жүзеге асыру жөнінде облыс және мегаполис әкімдерімен болған онлайн-кеңес аяқталды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев хабарлады.
Әрине, еліміздің әр өңіріндегі цифрландыру деңгейі әртүрлі. Кей өңірлерде бұған баса назар аударылса, кейбірінде бұл бағыттағы жұмыстар енді қолға алынуда. Цифрландыру элементтерін де кез-келген жаңашылдық секілді қолданысқа енгізу оңай еместігі түсінікті. Сондықтан осындай форматтағы жұмыс өте ыңғайлы және тиімді деп есептеймін. Онлайн-брейнсторминг кезінде өңір басшылары осы салада қол жеткізген жетістіктері мен кезіккен қиындықтарын ортаға салып, білікті сарапшылардың ақыл-кеңестерін тыңдады. Әр салаға жауапты вице-министрлерге өңірдегі мәселелерді жеткізіп, олардың шешу жолдарын табумен қатар, #SmartCity элементтерін 11 бағытта енгізуге қатысты нақты ұсыныстар алды. Өңірлерде негізінен қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ және көлік сияқты негізгі салаларда алға жылжу байқалады - деді министр өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.
Аталған салаларды цифрландыру – азаматтардың жайлы өмір сүру деңгейін арттыруға тікелей әсер етеді.
Әріптестермен қандай да бір цифрлық жобаны қолданысқа енгізудегі маңызды критерий - оны іске асырудан шығатын нәтиже болуы тиіс деген шешімге келдік. Осы жағдайды пайдалана отырып, әкімдерге отандық IT-шешімдерді белсенді пайдалануды ұсындым. Өйткені, отандық IT-өнімдердің көбі өз өміршеңдігін дәлелдеді және шетелдік баламалардан еш кем түспейді. Бұл форматтағы жұмыстың мәселелерді тез шешуге септігін тигізгенін облыс әкімдері де бағалады, сондықтан мұндай онлайн-кеңестерді жарты жылда бір рет өткізіп тұруға уағдаластық - деді министр.