Министр орман шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология министрі Серікқали Брекешев орман шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін «Орман шаруашылығы қызметкерлері күні» биыл 18 қазанға тура келіп отыр. Кәсіби мереке қарсаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев сала қызметкерлерін, ардагерлерді құттықтады.
Құрметті әріптестер, сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерекелік кездесуді пайдалана отырып, сіздерге шынайы алғысымды білдіремін және алдағы уақытта да орман шаруашылығын дамытуға барлық күш-жігеріңізді жұмсайды деген сенімдемін!, - деді ол.
Құттықтау сөзінде министр Мемлекет басшысының орман шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлетінін атап өтті. Бірқатар маңызды стратегиялық міндет қойылғанын еске салды. Мысалы мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш отырғызу, Арал теңізінің құрғаған табанына 1,1 млн гектар аумақта тұқым себу және қалалар мен елді мекендерде 15 млн түп көшет отырғызу жұмыстары.
Сондай-ақ Серікқали Брекешев Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес Үкімет пен Парламентке жыл соңына дейін азаматтық қызметкерлердің, соның ішінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақыларын көтеру бөлігінде заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді қамтамасыз ету тапсырылғанын еске салды.
Салтанатты жиын соңында сала үздіктері министрдің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» марапатталды.