Министр оқушыларға 3 млн теңгеден берді

Бүгін елордада №96 мектепте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесіп, сыйақының сертификатын табыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлерімен, сондай-ақ оларды дайындаған мұғалімдермен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездесті.

Бүгін осы залда халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары жиналып отыр. Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтағым келеді. Өздеріңіздей жас өрендермен кездесу біз үшін әрдайым үлкен мәртебе. Себебі жастайларыңыздан елімізге өздеріңіздің білімдеріңізбен үлкен еңбек сіңіріп жатырсыздар. Бұл жай жеңіс емес, сонау ғасырдан ғасырға көшіп келе жатқан бабаларымыздың ерліктерінің жалғасты жемісі деп бағалау керек, - деді министр.

Сөзінше, тәуелсіздік жылдарында еліміздің ұлттық құрамасы халықаралық олимпиадаларда 454 медаль иеленген. Оның ішінде, 43 алтын, 162 күміс, 249 қола медаль.

Биыл ең беделді халықаралық 7 олимпиадада қоржынымызға 23 медаль түсті. Оның 2-еуі алтын, 11-і күміс, 10-ы қола медаль.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 31 оқушының 23-і жеңіспен оралған. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Менің шетелдегі әріптестерім Қазақстанға қызығады. «Біздің мемлекетіміз 10 жылда бір ғана қола медаль алса, сіздің шәкірттеріңіз жыл сайын алтынды да, күмісті де, қоланы да алып жатыр. Соған қарағанда сіздердің мұғалімдеріңіз біздікінен де мықты сияқты» деп айтып, тәжірибемізбен бөлісуге қолқа салып жүрген мемлекеттер бар, - деді Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрі жеңімпаздарды марапаттап, оларға алыс хат пен біржолғы сыйақының сертификаттарын табыс етті.

Жеңімпаз оқушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келген.

Биологиядан халықаралық олимпиаданың қола медаль иегері, Алматы қаласындағы Galaxy халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Ислам Амангелді Қазақстанның өркендеуіне сүбелі үлесін қоса беретінін айтты.

Біз үшін осындай кездесулердің маңызы зор. Себебі алдыңғы аға буынның тілектері, кеңестері бізге биік белестерді, шыңдарды бағындыруға күш-жігер береді. Өзіміздің көк туымызды, Қазақстанымызды халықаралық ареналарда көрсетуге мүмкіндік беріп жатқаны үшін мемлекетіме алғыс айтамын. Болашақта мықты инженер, ғалым болып, мамандықтың иесі болып, Қазақстанымның болашағына үлес қосамын, - деді жеңімпаз.

Сонымен қатар министр жеңімпаз оқушыларды даярлағаны үшін мұғалімдер мен ата-аналарға да алғысын жеткізді.

Алтын медаль үшін – 1 500 АЕК (5 175 000 теңге), күміс медаль үшін – 1 000 АЕК (3 450 000 теңге), қола медаль үшін - 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған педагогқа - базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс - базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде, қола - базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде тағайындалды.

Жыл басынан бері қазақстандық оқушылар 241 медаль жеңіп алды. Олар түрлі деңгейдегі 23 халықаралық олимпиадаға қатысты.

 Жүлдегерлерге отандық жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы