Министр: Олимпиядаға дейін 88 жолдама ұтып ала аламыз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Келер жылы Қазақстан спортшылары 32-ші жазғы Олимпиада, 16-шы жазғы Паралимпиада, 24-ші жазғы Сурдлимпиада, 4-ші Көшпенділер ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға қатысады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова хабарлады.
Қазір еліміз қоржынында жазғы Олимпиадаға спорттың 17 түрінен 42 лицензия бар. Олимпия ойындары басталғанға дейін 88 лицензия ұтып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар елімізде төрт жылда бір рет өтетін 5-ші жазғы жастар ойындары, 7-ші «Ақ бидай» ауыл ойындары, 3-ші қысқы ауыл жасөспірімдері ойындары, 5-ші қысқы Спартакиада, 6-шы тірек қимыл жүйесі зақымданған және көру қабілеті нашар спортшылар спартакиадасы ұйымдастырылады,-деді министр 2020 жылды қорытындылауға арналған онлайн форматта өткен жиналыста.
Сондай - ақ Ақтоты Райымқұлова сыбайлас жемқорлыққа жəне допингке қарсы күрес бойынша атқарылған жұмысқа тоқталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен 2019 жылдан бастап бүкіл республика аумағында «Адалдық алаңы» жобасы сәтті іске қосылды. Өз кезегінде, Министрлік жетекшілік ететін салаларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жандандыру мақсатында осы маңызды және уақтылы бастамаға қосылу туралы шешім қабылдады. 2019 жылы Министрлік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында «Мәдениет және спорт министрлігі – Адалдық Алаңы» жобасы туралы келісім жасалды. Осы жылы пандемияға байланысты спортшылармен және қызметкерлермен допингке қарсы білім беруге назар қойылды. Допингке қарсы бағдарламаның негізгі мәселелері бойынша дәрістер мен семинарлар өткізілді. Сондай-ақ Жапонияның допингке қарсы агенттігімен өзара түсіністік туралы Меморандум жасалды. Допинг-бақылаудың 4 инспекторы Халықаралық Олимпиада комитетінен 2021 жылы Токиода өтетін Олимпиада мен Паралимпиадада халықаралық допинг-офицері ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік алды,-деді А.Рахметоллақызы.
Жиналыс соңында Мəдениет жəне спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев онлайн форматта осы жылы жемісті жұмысымен көзге түсіп, оң нәтижеге қол жеткізген азаматтарды мерекелік жəне Министрлік наградаларымен марапаттады.