Министр мұғалімдер күніне орай челлендж бастады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желідегі парақшасында челлендж жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол биыл ресми түрде бекітілген Мұғалімдер күні қарсаңында ұстаздарына алғыс айтып, олар жайлы естеліктерімен бөлісті.
Кезінде бір қабатты, сабан кірпіштен қаланған, аядай ғана білім ұясын оқушыға деген махаббатымен зәулім әрі жарық еткен ұстаздарымды әрдайым құрметпен еске аламын. Әсіресе алғаш «Әліппемен» таныстырып, сауатымызды ашқан Қызылбаева Дәмеш апайыма мың тағзым етемін, – деді министр өз жазбасында.
Ғани Бейсембаев өзінің мұғалімдікті таңдауына ұстаздары түрткі болғанын айтып, сынып жетекшісі Ұлтай Сейілованы ерекше атап өтті.
Ұлтай апайдың сол кездегі бейнесі «Қыз Жібек» фильміндегі Жібекке ұқсайтын. Қазақ әдебиетінен дәріс беретін ұстаз әдеби шығармалардың мәнін ашып, талдау жасағанда бүкіл сынып ұйып тыңдайтынбыз. Қиялымызға ерік беріп, өзімізді оқиғаның ішінде жүрген кейіпкердей сезінуші едік, – деп жазды ол.
Жазбасының соңында министр барша қазақстандықтарды аяулы ұстаздары жайлы жылы лебіздерін білдіріп, қызықты естеліктерімен бөлісуге шақырды.