Министр: Лауазымды тұлғаның мансабы оның жеке тәртібіне ғана байланысты емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінде аппараттық кеңес өтті. Кеңестің негізгі тақырыбы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау болды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев оқу-жаттығуды қорытындылап, ел Президентінің Қазақстан әскерін дамытудың басым бағыттары бойынша талаптарын жеткізді. Сондай-ақ Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы қойған міндеттерді мүлтіксіз және дер кезінде орындау қажеттігіне назар аударды.

Қазақстандық бітімгершілік контингентінің, оның ішінде әскери медицина қызметкерлерінің, әскери полицияның, инженерлік-саперлік бөлімшелердің, Десанттық-шабуылдау әскерлері жауынгерлерінің қолданылу аясын кеңейту жөніндегі шараларды пысықтау міндеттері қойылды. Сонымен қатар, олардың іс-қимылдары оқу-жаттығу барысында көрсетілді. Бұл халықаралық деңгейдегі келіссөздер мен Орталық Азия елдері үшін өңірлік маңызға ие болуы тиіс Алматы облысының Тілендиев кентіндегі бітімгерлерді даярлаудың бірегей оқу орталығының барлық оқу-материалдық базасы мен инфрақұрылымының толық іске қосылуына қатысты болып отыр.

ҚР Президентінің коронавирустық инфекция пандемиясының екінші толқынына дайындық бойынша бұған дейін берген тапсырмаларын ескере отырып, әскерде бар ресурстардың дайындығын қамтамасыз ету туралы нұсқаулар берілді. Атап айтқанда, санитарлық – эпидемиологиялық іс-шаралар барысында іске қосылуы мүмкін «қос мақсаттағы» күштер мен құралдардың - РХБҚ әскерлерінің, оның ішінде арнайы техника мен дезинфекциялық материалдардың, әскери-көлік авиациясы бөлімшелерінің, әскери медициналық мекемелердің есебі жүргізілді.

Аппараттық кеңесте әскери білім беру жүйесін дамытуды талқылау назардан тыс қалмады. Оқуға үміткерлерді іріктеу сапасынан бастап оқу бағдарламаларының мазмұнына, оқу-материалдық базаға және профессорлық-оқытушылық құрамның құзыреттілігіне кадрларды даярлауды кешенді жетілдіру қажеттілігі сөз болды.

Сонымен қатар, командирлер мен бастықтардың әскери тәртіптің жай-күйі үшін жеке жауапкершілігінің маңыздылығы атап өтілді. 

Барлық лауазымды тұлғалардың мансабы олардың жеке тәртіптілігі мен қызметінің нәтижелеріне ғана емес, бірінші кезекте оларға бағынысты жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық тәртіптің жай-күйіне де байланысты екенін есте ұстаған жөн, - деді Қорғаныс министрі.

Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери ортадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қызметтің және уәкілетті органмен өзара іс-қимылдың, әсіресе түсіндіру жұмыстары шеңберіндегі бағытын жеке атап өтті. Қолданыстағы заңнамада болған өзгерістерді ескере отырып, ҚР Қарулы күштері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығының қатысуымен кеңейтілген кеңес жоспарланған.

Алдағы аптада Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдеріне мерзімді әскери қызметке шақыру, сондай-ақ белгіленген мерзімде әскери қызметшілерді запасқа шығару басталады. Лауазымды тұлғалар командаларды қабылдау, жіберу және ауыстыру кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау, сондай-ақ шақыру және запасқа шығару кезеңінде әскери тәртіпті сақтау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы