Министр «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіруді тездетуді тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру процесін жандандыру туралы мәселеге нүкте қойылды. Жұмыстар алдымыздағы 1-2 айда басталады. Бұл туралы экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Маңғыстау облысына жасаған сапары кезінде айтылды.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов пен Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков министрді қалпына келтіру бойынша жұмыс жоспарымен таныстырды. Министр радиоактивті әрі улы көл мәселесін шешуді кешіктірмеу керек екенін және процесті жақын арада бастау қажеттігін айтты. Себебі, «Қошқар Ата» жақын маңдағы елдімекендер тұрғындары үшін айтарлықтай зиян келтіреді.
Мамандардың айтуынша, қалпына келтіру процесі шамамен 3 жылға созылады. Бүгінгі күні «Қошқар ата» қалдық қоймасының айналасында жасыл қорғаныш аймағын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2015 жылдан 2020 жылға дейін 239 мыңға жуық сексеуіл көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар улы көлдің жағалауы жасыл желектермен толық қоршалғанға дейін жалғаспақ. Қосымша тағы 40 га көшет отырғызуға конкурс жарияланды.
Естеріңізге сала кетсек, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге конкурс 2019 жылдың желтоқсан айында жарияланған болатын. Сол кезде мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты өткізудің заңдылығына қатысты мәселе туындады. Сот процесінен кейін Жоғарғы Сот алқасының қаулысымен берілген кассациялық шағымдар қанағаттандырылды. Енді бұл жұмыстарды атқаруға «Павлодарский речной порт» АҚ жұмысқа кіріседі. «Қошқар ата» қалдық қоймасы Каспий теңізінен 7-8 шақырым және Ақтаудан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы ауданы 77 км2, қалдықтардың ауданы 66 км2 құрайды.