Министр көлікке мініп, облыстардың жолын тексеруге шығады
Көлік министрі Марат Қарабаев көлік инфрақұрылымы объектілерін тексеру үшін төрт облысты басып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін ведомство басшысы Алматы облысына келді. Ең алдымен Шамалған станциясының айналма жолының құрылысын және «Сарыөзек – Көктал» (45-68 км) автожолында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын тексереді. Сондай-ақ министр «Қорғас» құрғақ портының жұмысымен танысып, «Алматы – Қорғас» автожолының сапасын бағамдап қайтуды жоспарлап отыр, - делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ Жанжігіт Омарханның айтуынша, Көлік министрі демалыс күндерін пайдаланып, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына да барады. Алматы облысынан Өскеменге дейін автокөлікпен жүріп өтіп, министр аталған өңірлердегі жол құрылыстарын, көлік объектілерін қайта жаңарту жұмыстарын, көлік қозғалысына арналған көпірлердің жай-күйін тексереді.
«Министрдің бұл бастамасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Жалпы, еліміздің әр өңіріндегі құрлыс жұмыстары жүріп жатқан жолдардың бәрі тексерілмек. Сапасыз жолдарға қатысты заң аясында шара қолданылып, әсіресе мердігердің жауаптылығы мен материалдық тұрғыдағы дайындығына мән беріледі, - деді Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы.