Министр халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептер анықталғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептер анықталғанын айтты.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігіне бес тапсырма жүктелгені туралы айтқан болатынбыз.

Әлібек Қуантыров онлайн отырыста Президенттің тапсырмаларын іске асыру барысына толығырақ тоқталып өтті.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырманы орындау үшін еңбек нарығына өмір сүру деңгейі мен тікелей көрсеткіштеріне, халықтың кірістері мен шығыстарының құрылымына талдау жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептер анықталды, - деді ол.

Қуантыровтың сөзінше, анықталған мәселелерді жою мақсатында бағдарлама 4 бағыт бойынша кешенді шараларды іске асырады.

Атап айтқанда, халықтың еңбек қызметінен, кәсіпкерлік қызметінен түсетін табыстарды арттыру, жоғары өнімді жұмыс орындарын құру, жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Бағдарламаны әзірлеу шеңберінде әртүрлі делдалдар мен монополиялық операторлардың комиссиялары мен тарифтерін төлеу бойынша халықтың қосымша шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар пысықталып жатыр. Бүгінгі күні Үкімет кірме жолдарды ұсыну қызметтері бойынша тарифтерді төмендетуде жедел шаралар қабылдады, - дейді Ұлттық экономика басшысы Үкіметте.

Министр баяндағандай, кірме жолдардың ірі теңгерім ұстаушы болатын көліктік сервис орталығы үшін тарифтер 92%-ға төмендеді. 

Осы жылдың 1 ақпанынан бастап еліміздің бірқатар өңірінде кірме жолдарды ұсыну қызметтерін жүзеге асыратын 21 субъектіге тарифтер орта есеппен 80%-ға төмендеді. Бұл шара энергетикалық көмір құнына және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына теріс әсерді болдырмауға мүмкіндік береді, - деп айтты Әлібек Қуантыров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы