Министр: Газды төмен бағада ұстап отыру тиімсіз
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ел экономикасын газбен қамтамасыз ету мақсатында ҚазақГаз және ҚазМұнайГазмен бірлесіп бірқатар шара қабылданды.
Біріншіден, газ өндіруді ынталандыру бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды. Екіншіден, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында газ өңдеу бойынша жаңа зауыттарды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, осы жылдан бастан тауарлық газ өндірісінің ұлғаюы 2025 жылы айтарлықтай өседі деп күтілуде. Үшіншіден, қол қойылған Жол картасында Газпроммен газ импорты бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді, – деп мәлімдеді Ақшолақов.
Сонымен қатар Ақшолақовтың сөзінше, бүкіл әлемде энергия үнемдеу мәселесі негізгі күн тәртібінде тұр.
Ол тұтынушылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, халық үшін газ бағасын ұстап тұру қажет екенін атап өтті. Алайда газдың төмен бағасын табысы жоғары тұтынушылар да пайдалануды жалғастырып отырғанын айтты.
Мәселен, 2 есеге жуық температура айырмашылығымен Маңғыстау және Қостанай облыстарының тұтыну көлемі айына орта есеппен 600 текше метр газға жетіп отыр. Осыдан қорытынды жасауға болады: газдың төмен бағасын сақтау газды ұтымсыз пайдалануға әкеледі, – деді Энергетика министрінің міндетін атқарушы.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров газдың тиімділігін арттыру мен оны ұтымды пайдалану жөніндегі жоспар туралы айтты.