Министр Еуроодақ санкцияларының елімізге әсері қалай болатынын айтты
Бұл туралы бүгін Ақордада Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеберді мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда Еуропалық Одақ Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 180 млрд доллар құрап, еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып отыр. Тек соңғы 9 айда Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауда көлемі 42 пайызға ұлғайып, 29,5 млрд долларға жетті. Өткен айда Қазақстанның Үкіметі және ірі еуропалық Svevind компаниясы арасында Маңғыстау облысында «жасыл» сутекті өндіру және тарату орталығын құру жөнінде маңызды келісімге қол қойылды, - деп мәлімдеді министр.
Тілебердінің айтуынша, Еуропалық Одақ санкцияларының Қазақстан экономикасына жанама теріс әсерін болдырмау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік пен логистика және т.б. салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, «жасыл» экономикаға көшуге, энергия тиімділігін арттыруға назар аудара отырып, сауда-экономикалық саладағы сұхбатты одан әрі әртараптандыруға мүдделіміз. Біз осы және басқа мәселелерді тек екіжақты бағытта ғана емес, өңірлік форматта да қарастыруды маңызды деп санаймыз, - деді ол.
Сондай-ақ еліміз Орталық Азия және Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Осы себептен Мемлекет басшысы Астанада Орталық Азия – Еуроодақ көшбасшыларының алғашқы кездесуін өткізуге бастамашылық етіп, оның қорытындысы бойынша барлық тараптар осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылдады. Біз Самарқандта өтуге жоспарланған Министрлік кездесу мен Орталық Азия – Еуроодақ өзара байланыс жөніндегі конференциясын жоғары деңгейдегі диалогтың дәйекті жалғасы ретінде қарастырамыз, - деді ведомства басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Ақордада Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің кездесуі өтті.