Министр есірткі саудасымен жасанды интеллект көмегімен күреспекші

Есірткі бизнесі де толығымен кибер салаға көшті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір жоғары технологиялардың нағыз дамыған заманы. Есірткі бизнесі де толығымен кибер салаға көшті. Есірткіні «телеграм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр. Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы – интернет арқылы сатумен байланысты. Әрине, біз мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатырмыз, - деді ол.

Министрдің айтуынша, есірткі саудалайтын 604 есірткі сайт жабылған.

Алайда бұл шара мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені, жаңа сайттарды ашу – тез. Ал оны анықтау – ұзақ. Ұйымдастырушыларды анықтау – одан да күрделі. Себебі, олар шетелдерде орналасқан. Мұндай заңсыз «контентті» тоқтату үшін, заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет, - деді Марат Ахметжанов.

Министр кешенді жоспарда бағдарламалық құралмен қамтамасыз етуді көздеп отырғанын айтты.

Олар – әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Кибернадзор» жүйесі – сайттар ашылса, оларды онлайн түрде бұғаттайды. Яғни,  жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар, сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік болады, - деді ведомства басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы