Министр еліміздегі спортзал жетіспейтін өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев хабарлады. 

Сонымен қатар ол Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілегенін алға тартты.

Аталған саланы табысты басқару – адами капиталды арттырудың, ұлт денсаулығын нығайтудың, жастардың бойына сындарлы құндылықтарды сіңірудің кепілі. Бұл тұрғыда мемлекет халықтың дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысуын үнемі қамтамасыз етіп отыруы маңызды. Осы орайда, спорттық инфрақұрылымның қажеттілігіне талдау жүргіздік. Жалпы аймақтық стандарттар жүйесі бойынша мың адамға арналған спорт залдың аумағы 80 шаршы метрді құрауы керек. Алайда өңірлердегі нақты жағдай бұл стандартқа сәйкес келмейді, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол елдімекендердегі спортзалға қажеттілік мәселесін алға тартты.

Елді мекендерде спортзалға деген қажеттілік бір жарым миллион шаршы метрден жоғары, ал қолданыста – 935 мың шаршы метр бар. Демек, спорт алаңдарының тапшылығы 39% немесе 574 мың шаршы метрді құрайды. Спорт зал жетіспейтін аймақтардың қатарында Түркістан, Алматы облыстарын, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларын айтуға болады. Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарындағы жағдай жақсы, бірақ бұл аймақтарда инфрақұрылым жағынан кемшіліктер  жоқ емес, - деді министр.

Айта кететін жайт, жалпы республика бойынша 42 мыңнан астам спорттық ғимарат бар. Оның  23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы