Министр елдегі жылу желілерін жаңарту үшін тағы да ақша сұрады
Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы - 12,1 мың шақырым. Оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі – 55 пайыз. Қажетті инвестиция көлемі шамамен 2,2 трлн теңге. Әкімдіктердің деректері бойынша табиғи монополиялардың 83 субъектісі 74 қалада жылумен жабдықтау қызметтерін көрсетеді, оның ішінде 61 коммуналдық кәсіпорынның теңгерімінде 10,2 мың шақырым (тозу – 52 пайыз), 22 жеке субъектінің теңгерімінде 1,9 мың шақырым жылу желілері бар, - деді Өскенбаев.
Министрдің дерегінше, 19 қаладағы желілердің тозуы 50 пайыздан 70 пайызға жеткен. Оның жалпы ұзындығы - 5,9 мың шақырым.
Соның ішінде 3,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, желілер 20 субъектінің теңгерімінде (мемлекеттік - 15, жеке - 5). 7 қаладағы желілердің тозу деңгейі 70 пайыздан асады, ұзындығы 1,9 мың шақырым. Соның ішінде 1,6 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, - деп мәлімдеді Индустрия министрі.