Министр елдегі суармалы жерлердің жай-жапсарын айтты
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев егін шаруашылығындағы су тапшылығы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Суармалы жерлерде суару суын тиімді пайдалану маңызды міндеттің бірі. Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 1,4 млн гектар суармалы жерлер алаңында өсірілді. Яғни оның үлесі 75,8 пайыз немесе 1,1 млн гектар әлі де жерүсті әдісімен суарылады. Суарудың бұл әдісі фермер үшін арзанға түседі, бірақ су пайдалану бойынша ұтымсыз болып отыр, – деді ведомства басшысы.
Министрдің айтуына қарағанда, тек 18,3 пайыз немесе 268 мың гектарда су үнемдеу технологиялары қолданды.
5,9 пайыз немесе 86,8 мың гектарда бастыру әдісімен (күріш шектері) суарылды. Дақылдар бөлігінде суармалы жерлерде дәнді, майлы, азықтық дақылдар, көкөніс-бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш, қант қызылшасы өсіріледі. Негізгі үлесті бидай мен арпа сияқты тәлімі дақылдар, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты монодақылдар алады. Осыған байланысты облыстардың әкімдіктері жоғары рентабельді дақылдарға және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстарын жандандырулары қажет, – деді Қарашөкеев.