Министр ел медицинасында қандай мамандар тапшы екенін айтты

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде медицина саласында қандай мамандар тапшы екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан астам медицина қызметкерінің 80 мыңнан астамы дәрігерлер болуына қарамастан, олардың тапшылығы азаймай отыр. Оның ішінде: терапевт, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог дәрігерлерінің тапшылығы байқалады, – деді ол Үкімет отырысында.

Министрдің дерегінше, қазіргі таңда республикада 7 337 денсаулық сақтау объектісі медициналық қызмет көрсетеді.

Оның ішінде 663 стационарлық, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету объектілер саны - 6 674. 
Соңғы 5 жылда 400-ден астам медициналық объект құрылысы салынып, 36 пайыздан астам объектіге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жалпы сомасы 261 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды, –  деді Әлназарова.

Министрі әлі де тозған ғимараттардың бар екенін айтып, мәселенің өзекті болып қала беретінін атап өтті.

Жалпы 102 000 төсек қорындағы ересектерге арналған 11 000 төсек орынның тиімсіз пайдалануы анықталып отыр. Нәтижесінде өңірлер арасында төсек орындарымен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша айырмашылық байқалуда. Онымен қатар, 6 өңірде балалар бейіндерінің төсек-орындары артық жүктемемен жұмыс жасап, бұның нәтижесінде 1 200 төсек-орындарының, соның ішінде жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге арналған төсек орындарының тапшылығы байқалады. Осы жылдың басында бұл тапшылық 2 мыңнан асты. Сондықтан, денсаулық сақтау инфрақұрылымы нормативтерге сәйкестендіріліп, төсек қоры қайта қаралатын болады, – деді Әлназарова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы