Министр экологиялық ахуалды жақсарту шаралары қалай жүргізіліп жатқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға арналған жол карталары туралы айтты.

Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғырту және қайта құру жобасын іске асыру басталды. Нәтижесінде 2022 жылдың аяғында шығарындылар 30%-ға азаяды. Ал Алматы қаласы бойынша екінші және үшінші жылу электр орталығын жаңғырту жобасы жеделдетуді қажет етеді. Өз кезегінде, әкімдік қоғамдық көлікті газға көшіру және жел режимін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кейіннен бас жоспарға түзетулер енгізуі керегін атап өтемін, - деді Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, Қарағанды облысында қол қойылған «Арселор Миттал Теміртау» меморандумына сәйкес, 2025 жылға дейін атмосфераға шығарындыларды 30% төмендетуге міндеттенеді. 

Сондай-ақ Теміртау қаласының айналасына 500 мың ағаш отырғызылады. Шығыс Қазақстан облысында «Казцинк» кәсіпорынының меморандумына сәйкес, атмосфераға шығарындылар 20%-ға төмендейді деп күтілуде. Одан бөлек, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары сәйкестендіріледі. Маңғыстау облысында «Қошқар ата» тарихи ластануын жою басталды. Аяқтау 2023 жылға жоспарланған, - деді министр.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2024 жылға дейін 2,5 млн тонна мұнай қалдықтарын жоюды және кәдеге жаратуды жоспарлап жатқанын айтты. 

Қазірдің өзінде 437 мың тонна жойылды. Өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу олардың қысқа мерзімде орындалуын талап ететінін ескере отырып, жол карталарын белгіленген мерзімде орындау жөнінде түбегейлі шаралар қабылдау қажет деп санаймыз, - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау халқы күлімсі иістен қашан құтылатыны белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы