Министр депутатты электр энергиясы тарифтерінің өспейтініне сендірді
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бауыржан Смағұлов Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке ірі энергетикалық жобалардағы тарифтердің шетел валютасында номинациялануына байланысты тұтынушыларға түсетін жүктеменің арту қаупі жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, келісім жобасының 5-бабына сәйкес, ірі жобалар бойынша тариф шетел валютасында белгіленеді, алайда барлық төлемдер теңгемен, төлем жасалған күнгі айырбас бағамы бойынша жүзеге асырылады. Бұл норма валюта бағамының ауытқуына байланысты сатып алынатын электр энергиясының құнына, түптеп келгенде, соңғы тұтынушы үшін тарифтің өсуіне әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты депутат министрліктен тарифтердің қымбаттауына жол бермеу үшін қандай шаралар қарастырылғанын және валюталық тәуекелдерді хеджирлеу немесе өтеу тетіктері бар-жоғын сұрады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл тәсілдің халықаралық тәжірибеде кең қолданылатынын атап өтті.
Ірі жобалар бойынша тарифтердің шетел валютасында номинациялануы – әлемдік тәжірибе. Бұған дейін де Мәжіліс ратификациялаған Masdar және Total жобаларында дәл осындай шарттар болған, – деді министр.
Оның айтуынша, барлық есеп айырысулар теңгемен жүргізіледі, ал жобалардың жалпы құны 2,2 млрд АҚШ долларын құрайды.
Мұндай ауқымды жобалар, әдетте, қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Банктер мен халықаралық қаржы институттарының негізгі талаптарының бірі – тарифтің шетел валютасында номинациялануы, – деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.
Министр сонымен қатар келісім аясында қарастырылған тарифтердің аукцион арқылы анықталған тарифтерден де төмен екенін айтты.
2024 жылдың сәуір айында Қостанай облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясына аукцион өткіздік. Ол жерде тариф 3,6 цент болды. Ал бұл келісім бойынша Павлодар облысындағы 1 000 МВт жел электр станциясының тарифі – 3,53 цент, Қарағанды облысындағы 500 МВт жел электр станциясы бойынша – 3,57 цент, – деді министр.
Министрдің пікірінше, бұл көрсеткіштер нарық үшін өте қолайлы және алдағы уақытта электр энергиясының бағасын төмендетуге негіз болады.
Сондықтан бұл жобалар тұтынушыларға қосымша жүктеме түсірмейді деп есептейміз, – деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.