Министр БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырысына қатысты

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 55-ші сессиясының Жоғары деңгейдегі сегментіне және БҰҰ жаһандық алаңының басқа да іс-шараларына қатысу үшін Женеваға барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыртқы істер ведомствосының мәліметінше, отырысқа 100-ден астам мемлекеттердің жоғары өкілдері, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк қатысты.

ҚР СІМ басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның осы бағыттағы ұлттық құқық қорғау жүйесін жетілдіру саласындағы қол жеткізген нәтижелері және алдағы басымдықтар туралы хабардар етті. Әсіресе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларының төрт пакетін іске асыру, Конституциялық Сотты қайта құру, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілі институтын күшейтудің нәтижелері аталып өтті.

Осы орайда Мұрат Нұртілеу халықаралық қоғамдастыққа: «Қазақстандағы демократиялық өзгерістер қайтымсыз» деген бас месседжін жариялады.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы геосаяси теке-тірестер мен өңірлік қақтығыстардың, сондай-ақ әлемде өсіп келе жатқан экономикалық белгісіздіктің күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Ол ешбір елдің мұндай дағдарыстарды жалғыз өзі жеңе алмайтынын тілге тиек етіп, осы бағытта көпжақты серіктестікті нығайтуға шақырды.

Министр Қазақстан ұлттар арасындағы диалог пен өзара түсіністікке, сондай-ақ жаһандық құқық қорғау жүйесін нығайтуға өз үлесін қосуды жалғастыратынын атап өтті.

Ведомство басшысы халықаралық қоғамдастықты қарусыздану, цифрландыру және гендерлік теңдік мәселелерінде адам құқықтарын бейбітшілік құру жөніндегі күш-жігердің негізіне қоюға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы