Министр: Бұл жұмыста науқаншылдық пен асығыстық болмауы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы қаласында тарихшы ғалымдармен және тарих пәнінің мұғалімдерімен кездесті. Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Жиын барысында Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында міндеттеген тапсырмаларын орындау барысын талқыладық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды, сондай-ақ Қазақстан тарихы пәні бойынша бірыңғай оқулықтарды дайындауды тапсырған болатын. Ғалымдармен және мұғалімдермен Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу мәселелері, Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды, Қазақстан тарихы бойынша базалық мектеп оқулығын дайындаудың ұйымдастырушылық және әдіснамалық мәселелері, мектептерде тарихты оқыту проблемалары, оның ішінде үлгілік бағдарлама дайындау туралы мәселелер талқыланды - дейді министр.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов бұл ортақ жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті.

Бұл жұмыста науқаншылдық пен асығыстық  болмау керек екені де түсінікті. Біздің министрлік тарихшы ғалымдар мен мұғалімдердің айтқан ұсыныстары мен идеяларын ескеретін болады. Жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмысқа барлық тарихшыларды қатысуға шақырамын. Өз ұсыныстарыңызды Ғылым комитетінің корпоративтік поштасына kn@edu.gov.kz жіберуді сұраймын - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы