Министр биыл ауыл шаруашылығы су тапшылығына тап болғанын айтты
Бұл жайында Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жылы қолайлы ауа райы жағдайлары егін жинау жұмыстарын уақтылы бастауға мүмкіндік берді және бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 2,4 млн гектар немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 млн тонна астық бастырылды. Айта кету керек, республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Оның мәлімдеуінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын жалпы алаң 24,0 млн гектар, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 651,8 мың гектарға көп.
Оның 17,4 млн гектарынан дәнді дақылдар жиналады. Егер дақылдар бөлінісінде, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар дақылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, бидай жиналатын алаң 13,7 млн гектар, оның ішінде 1,5 млн гектардан астық жиналды, өнімділігі гектарына 11,8 центнер болып,1,8 млн тонна астық бастырылды, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Ол елімізде 2 799,5 мың гектардан майлы дақылдар жиналуға тиіс, бүгінгі таңда өнімділігі гектарына 6,9 центнер болып, 34,0 мың гектардан жиналғанын атап өтті.
Картоп 188,3 мың га алаңнан жиналуға тиіс, өнімділігі гектарына 208,9 центнер болып, 458 мың тонна жиналды. Көкөністер жиналатын алаң 164,8 мың га, өнімділігі гектарына 216,3 центнер болып, 1,5 млн тонна жиналды, – деді Шөкеев.
Министрдің айтуынша, егу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып, оңтайлы уақытта жүргізілді.
Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында енгізді, арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу уақтылы жүргізілді. Сонымен қатар, осы жылы вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылыққа және суармалы судың болмауына байланысты бірқатар проблемаларға кез болды, бұл дақылдардың жай-күйіне әсер етті, – деді ведомство басшысы.