Министр «Balapan» телеарнасы жанынан ұйымдастырылған жоба сәтімен басталғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл жыл басында ерекше білім алуды қажет ететін балаларға арналған анимация мектебі ашылатыны туралы жазған едім. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Balapan» телеарнасы жанынан ұйымдастырылған жоба сәтімен басталып, 14-16 жас аралығындағы 30 бала білім алды, - деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің facebook-парақшасында.


Министрдің жазуынша, Оңтүстік Корея мен Жапонияның үздік мультипликатор мамандары онлайн дәріс оқып, оқушыларға білгендерін қуана үйреткен. Балалар анимация өнерінің 2D, 3D, Stop және Motion техникаларын меңгеріп, кейіпкерлерді қозғалтуды меңгерген. Еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген қатысушылар алты айға созылған курс нәтижесінде арнайы сертификаттарға ие болған.
 

Жоба ерекше балалар үшін де, олардың ата-аналары үшін де керемет әсер қалдырды. Әсіресе, олардың бұл салаға қызығушылықтары мен алған білімдерін алда әлі де жетілдіруге деген ынталары көңіл қуантады. Себебі көпшілік қатысушы бұған тек бірреттік үйрену курсы деп емес, анимация өнерін болашақ мамандық ретінде игергісі келетіндіктерін жеткізді, - дейді Балаева. 

 

Сондай-ақ министр бұл біздің осы саладағы тырнақалды туындымыз болғандықтан, оған өтініш білдіргендердің барлығын бірден қатыстыру мүмкін болмағанын айтты. 
 

Сондықтан алдыңғы курсқа іліге алмай қалған балалар мен ата-аналардың өтініші бойынша бұл жобаны тоқтатпай, алдағы уақытта тағы да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Біз балаларымызды қуанышқа бөлейтін бастамаларды жан-жақты қолдауға қашанда бар мүмкіндігімізді жұмылдыратын боламыз, - деді Балаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы