Министр "Бәйтерек" қашан Назарбаев болып өзгеретінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Байқоңырда құрылатын "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешеніне Назарбаевтың есімі қашан берілетінін айтты.

Қыркүйек айында Ресей президенті Владимир Путин "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атауды ұсынған болатын. 

"Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешеніне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру Ресеймен бірлескен ғарыш саласымен айналысатын тиісті комиссияның отырысында қабылданады. Комиссия отырысы жақында болады, - дейді Асқар Жұмағалиев. 

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.

Министрдің айтуынша, Ресей Федерациясы зымыранды жасау үшін жауап берсе, Қазақстан жерүсті инфрақұрылымы үшін жауапты.

Бұл жобада Ресей тарапы "Союз-5" зымыранды, техникалық және старттық кешендерінде бақылау-тексеру жабдықтарын құруды, сондай-ақ үдемелі блоктың техникалық кешенін, ғарыш аппаратын және ғарыштық бастиек бөлігін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстар 916 млн АҚШ доллары сомасында бағаланды. Жаңғырту мақсатында 2018 жылы "Байқоңыр" айлағының 42,43 және 45-алаңдарында орналасқан "Зенит-М" кешенінің 243 нысаны Қазақстан тарапына берілді, - дейді ведомство басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы