Министр азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алматы қаласының өңірлік Азаматтық форумының ашылуында сөз сөйледі. Министр мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының жаңа тәсілдері туралы айтты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Азаматтық форумның пленарлық бөліміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов, «Алматы қаласының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Кез келген мемлекет әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде сенімді серіктестікті талап етеді. Бұл тұрғыда қоғамның түрлі салаларының проблемаларын білетін ҮЕҰ-ға үлкен сенім артылады. Сондықтан ҮЕҰ белсенділігі біз үшін әрқашан маңызды, - деп атап өтті министр Аида Балаева.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен жобалық өзара іс-қимыл мәселесі қайта қаралуда. Іске асырылған бірлескен жобалардың сапалық көрсеткіші сандық көрсеткіштен басым болады. Бұл үшін мемлекеттің 10 жылға арналған әлеуметтік бағдарланған стратегиясын әзірлеу және бекіту туралы мәселе бастама болды, оның іргетасы адам мен оның қажеттіліктері болады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі үкіметтік емес ұйымдарды кәсібилендірудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Қазіргі уақытта ҮЕҰ-ды кәсібилендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «ҮЕҰ Академиясы» жобасы іске асырылуда, оның базасында азаматтық сектор көшбасшылары даярланып, қоғамдық бірлестіктердің кәсіби дағдылары дамитын болады. Бұл Қазақстандағы ҮЕҰ басшылары үшін қажетті құқықтық және басқарушылық білімнің алғашқы жүйелендірілген курсы, - деп хабарлады Балаева.
Елімізде азаматтық секторды одан әрі дамыту үшін Министрлік сертификатталған сарапшылар институтын құру және ҮЕҰ гранттық жобаларының бюджетін жоспарлау форматын өзгерту бойынша жұмыс жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» серіктестігі мен дамуының 30 жылы» атты өңірлік азаматтық форумдар 2020 жылғы 23-27 қарашада өтетін Қазақстанның IX Азаматтық форумы қарсаңында өткізіледі.