Министр: Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды заңдар қабылданып келеді

Астанада Парламентаризм институтының құрылғанына бес жыл толуына орай “Парламентаризм: құқықтық негіз, даму және болашаққа көзқарас” тақырыбында Еуразиялық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Форумда Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы мен алдағы бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа өкілді билік тармағының рөлін институционалдық тұрғыдан күшейтіп, парламентаризмді одан әрі дамытуға берік негіз қалады.

2022 жылғы Конституциялық реформа өкілді билік тармағының рөлін институционалдық тұрғыдан нығайтып, парламентаризмнің одан әрі дамуына берік негіз қалады, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Министр қазіргі уақытта қоғамда Мемлекет басшысының болашақта бірпалаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамасы кеңінен талқыланып жатқанын атап өтті. Бұл бағытта арнайы жұмыс тобы талдау жүргізіп, тиісті тәсілдерді әзірлеп жатыр.

Оның айтуынша, парламентаризмді одан әрі нығайту, заң шығару үдерісінің сапасын арттыру, соның ішінде партиялық құрылысты күшейту арқылы жүзеге асырылып жатқан басымдықтар жүргізіліп жатқан реформалардың сабақтастығын және Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жүйелі бағытты айқын көрсетеді.

Жүйелі өзгерістер жағдайында Парламентаризм институты аса маңызды рөл атқарады. Өйткені кез келген реформа – ол саяси жүйеде болсын немесе заңнама саласында болсын – ғылыми тұрғыдан негізделіп, сараптамалық-талдамалық талқылаумен сүйемелденуі тиіс, – деді Әділет министрі.

Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, осы тұрғыда Институт заманауи әрі сапалы заңнаманы қалыптастыруға ықпал ететін сенімді алаңға айналып, “Еститін мемлекет” тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыруға үлес қосып отыр.

Министр депутаттардың заң шығару белсенділігінің артуын да атап өтті. Оның айтуынша, депутаттардың бастамасы мен жүйелі жұмысының нәтижесінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды заңдар қабылданып келеді.

Парламентаризм институты өз қызметінің алғашқы кезеңінен бастап мемлекеттің басты құндылықтарын – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған негізгі міндеттерге белсенді түрде атсалысты, – деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Сәрсембаев Институттың елеулі үлесімен қабылданған алғашқы маңызды заңдардың бірі ретінде 2021 жылғы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңды атап өтті. Аталған құжат мемлекеттің құқық қорғау әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы