Министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен кездесуге Астана қаласы мен Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан 32 адам жазылып, 14 өтініш қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИИДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 6 адам онлайн формат арқылы бейнебайланысқа шықты.
Бұл ретте өтініштер жер қойнауын пайдалану, жолаушылар тасымалы, құрылыс, еңбек жанжалдары, қызметкерлерді ынталандыру және тағы да басқа салаларға қатысты болғанын айта кетейік.
Мәселен, Қарағандының тұрғыны Ермеков көшесі, 49/3 мекенжайындағы «Аманат» спорт кешенінің жанындағы футбол алаңының құрылысы қаншалықты заңды екенін түсіндіріп беруін сұрады. Осы орайда өтініш берушіге халықтың демографиялық құрамы, құрылыс түрі, табиғи-климаттық және басқа да жергілікті жағдайларды ескеріп, тұрғын үй орамдарында (шағын аудандарда) түрлі мақсаттағы алаңдарды орналастыруға мүмкіндік беретін қала құрылысы нормалары бойынша түсініктеме берілді. Бұл орайда балалардың ойын алаңдары мен тұрғындардың тынығып, спортпен айналысуына арналған орындардың жалпы ауданы тұрғын үй аумағының (шағын ауданның) кемінде 10%-ын алуы тиіс. Сонымен бірге спорт алаңдары тұрғын үй кешендері мен қоғамдық ғимараттардың терезелерінен 10-40 метр қашықтықта орналасуы керек. Бұл әсіресе хоккей және футбол ойын түрлерінің инфрақұрылымына қатысты.
Айта кету керек, ведомство басшысының қабылдауына жазылғандардың дені баспана мәселесін шешіп беруін өтінді.
Мысалы, өскемендік мүмкіндігі шектеулі азаматтың айтуынша, жатақханадан бөлме сатып алған соң оны қалалық әкімдік мемлекеттік тұрғын үй қорының кезегінен алып тастаған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдерінен құралған елордалық бастамашыл топ, министрден басымдық тәртіппен баспана алуға қолғабыс етуді сұрады. Атап айтқанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне бірінші тұруға және көлік қызметтеріне байланысты жеңілдіктерді иелену үшін жесір әйелдерді жеке санатқа шығару ұсынылды.
Бұдан басқа ведомство басшысына көп балалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, сондай-ақ толық емес отбасылардың өкілдері де тұрғын үй мәселесін реттеп беруін сұрады.
Барлық азаматқа көкейкесті мәселелер бойынша тиісті заң нормалары түсіндіріліп, сондай-ақ баспана сатып алудың тең әрі әділ мүмкіндіктері қарастырылғаны және еліміздің тұрғын үй саясаты туралы ақпарат берілді.