Министр Аймағамбетов Түркістан облысы тұрғындарымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.
Министр үш сағатқа жуық уақыт бойы 500-ден астам тұрғынның сұрағына жауап берді.
Халықты көбіне жүйелі мәселелер емес, жергілікті білім беру қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың ден қойып, назар аударуын қажет ететін жеке мәселелер толғандыратынын байқадым. Оған қоса, сот шешімдерінің апелляциясына және еңбек дауларына қатысты да сұрақтар айтылды. Сонымен қатар Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде аудандық бөлімдер мен облыстық білім басқармаларының Оқу-ағарту министрлігіне бағынуының маңыздылығы, директорларды ротациялау, мектептердегі педагог-ассистенттер санын көбейту, колледждерді бейінді министрліктің тікелей басқаруына беру, мектептер мен балабақшаларды жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен қаржыландырудың жетіспеушілігі туралы мәселелер көтерілді, - деп жазды ведомство басшысы әлеуметтік желідегі парақшасына.
Айтуынша, облыстағы мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым-қатынасына қатысты көптеген сұрақтар келіп түскен. Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша «көшбасшы» саналады дейді ол.
Білім бөлімдері мен білім беру ұйымының басшылары осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуі қажет. Мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдар болды. Енді бұл ақпарат зерттеліп, тексеру қорытындысы бойынша шара қабылданады. Есеп беру кездесуінде қойылған сауалдың барлығына жауап бергеннен кейін аудандардың, қалалардың білім бөлімдері мен колледж басшыларымен жеке жиын өткіздім. Қорыта келгенде, облыстың білім беру саласында шешілмеген бірқатар мәселе бар, - деді Асхат Аймағамбетов.
Белгілі болғандай, Түркістан облысы Білім басқармасының қазіргі басшысының облыс басшылығы шешімімен тағайындалғанына аз ғана уақыт болған. Министр енді оның алдында қордаланған мәселелерді шешу бойынша маңызды міндеттер тұрғанын айтты.