Министр автокөлігін 5 минут қыздырып эксперимент жасап көрді
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев автокөлікті жылыту бойынша эксперимент жүргізіп, нәтижесін әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше ғана министр бүкіл елге солтүстік өңірлерде автокөлікті жылытуға 5 минут жеткілікті екенін мәлімдеп, "түнде көлікті далада қалдырып, эксперимент жүргіземін" деп уәде еткен еді.
Бүгін министрдің баспасөз қызметі эксперименттің нәтижесін жариялап, уәде етілгендей видеоны әлеуметтік желіге жүктеді.
Видеода министр көлікті жылытуға 5 минут жұмсағанын көрсету үшін телефонына таймер қояды. Алайда көліктің қаншалықты қызғаны нақты көрсетілмеді.
Жалпы, менің ойымша, 50 градус жеткілікті, содан кейін қозғалысты бастауға болады. Бірақ бір шарт бар: егер температураны 50 градусқа жеткізсеңіз, қозғалысты бастағаннан кейін шамамен 5 минут баяу жылдамдықпен жүру керек. Бірақ 50 градус – бұл қалыпты жағдай, – дейді Нысанбаев.
Автокөлік қыздырудың үшінші минутында министр “қозғалтқыш бірінші минуттармен салыстырғанда қазір өте жақсы жұмыс істеп тұр” дейді. Дегенмен ол қозғалтқыштың нақты қаншалықты қызғанын көрсетпей, 5 минуттан кейін көлікті жүргізе бастады.