Министр ауылдық жердегі дәрігерлердің еңбегін ерекше атап өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Медицина қызметкерлерін құттықтады.
Мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегімен жақсы таныспын. Себебі өзім дәрігерлердің отбасында өстім. Әкем де, анам да дәрігер. 47 жыл бойы, бүгінгі күні де Алматы облысы Құйған ауылының ауруханасында өзінің кәсіби міндетін атқарып келеді. Жауапкершілік, мамандыққа адалдық, адам өмірін бәрінен де бірінші орынға қою оларды маңызды екенін түсіну - бұл оларды әрқашан алға сүйреген құндылықтар,- деді ол.
Министр бүгінгі медицина қызметкерлері күнінде, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлердің еңбегін ерекше атап өткім келетінін айтты.
Олар күн сайын нағыз ерлік жасайды, бұл ауыр еңбек қана емес, сонымен қатар зор жауапкершілік. Өмір сүру сапасы медициналық көмектің қол жетімділігімен бағаланады. Ауылды дамыту туралы айтқанда, біз тек фермерлердің жағдайын жасаумен ғана шектелмеуіміз керек. Ауылдағы лайықты өмір сүру деңгейі сапалы әлеуметтік инфрақұрылымды-жолдарды, балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды, мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігімен де өлшенеді. Ауылда бұлардың барлығы маңызды,- деді Қарашөкеев.
Оның айтуынша, ауылды жерде сапалы медицинаны дамытпай лайықты өмір сүру деңгейін қалыптастыра алмаймыз.
Өйткені, біздің азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы - бірінші орында. Дәрігерлердің жанқиярлық еңбегі туралы айтылып жатқан сөздер бұл бос әңгіме емес. Оның артында өте күрделі және жауапты жұмыс, күш, тәжірибе, білім, табандылық пен рухани жомарттық, мейірімділік және жанқиярлы тұр. Әрине, заманауи медициналық технологиялар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Бірақ олардың барлығы адамсыз - дәрігерсіз ешқандай пайда әкелмейді.Мереке күні сіздерге шын жүректен өз ісіне берілгендіктеріңіз үшін алғыс айтқым келеді! Дәл бүгін еңбек бекетінде, ауруханаларда, перзентханаларда, жедел жәрдем бригадаларында кезекшілігін атқарып, адам өміріне араша түсіп жатқан барша абзал жандарды құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін,- деді ол.
Министр өзінің әке-шешесін де құттықтады.
Сондай-ақ сүйікті ата - анам және дәрігерлерім - Шырақбай Қарашөкеұлы мен Нұрила Мықтыбекқызын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Әке-шешеме амандық пен ұрпағының қызық-қуанышын көрсін деп тілеймін,-деді ол.