Министр Атырауда экомәселелерді жедел шешетін фронт-офис ашуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысына жұмыс сапары аясында жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және экобелсенділермен кездесті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Кездесу барысында ведомство басшысы облыс экологиясын жақсарту бойынша белгіленген жоспарларды тиімді іске асыру үшін бірлескен жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Бізді аймақтағы экологиялық жағдай алаңдатады. Атырау еліміздің ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Әрине бұл жағдайды жақсарту қажет. Бұл маңызды жұмыста сіз сияқты белсенді азаматтар тарапынан қолдау, көмек қажет. Мен қашанда сындарлы диалогқа ашықпын және ашық бола беремін, - деп атап өтті министр.


Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысының экологиялық проблемаларын шешу үшін 40 іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленгенін атап өтті. Олардың қатарында жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу және ескілерін қалпына келтіру, «Сасық сай» және «Шаршы» булану алаңдарын рекультивациялау, Орал өзенінің бассейнін көгалдандыру, тазарту, сауықтыру және басқа да маңызды іс-шаралар бар.


Біз Атыраудың экологтарымен, қоғам өкілдерімен бірнеше рет кездестік. Кездесулеріміздің нәтижесі Жол картасын қабылдау болды. Жаңа Экологиялық кодекс те осы бағытта перспективалы мүмкіндіктер ашатынын атап өткім келеді. Ең маңыздыларының бірі – кодекс ірі ластағыштардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, - деп толықтырды экология министрі.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде 1-санатқа жататын көптеген кәсіпорын ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бойынша дайындық шараларын жүргізуде. Демек болашақта атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары айтарлықтай азаяды.


Сонымен қатар министр Атырауда өңірдің барлық негізгі экологиялық проблемасын тіркеу бойынша фронт-офис ашуды ұсынды.

Бірлескен жұмыс үшін көптеген құрал бар. Біздің министрлік жақында құрылды. Бір жарым жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылды, экологиялық мәселелерді шешудің тетігі жасалды. Уақыт өте келе біз Жол картасының, жаңа Экологиялық кодекстің тармақтарын іске асырудың тиімді нәтижелерін көретінімізге сенімдімін, - деп түйіндеді Мағзұм Мырзағалиев.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы