Министр Әрінов құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай ведомство басшысы, генерал-майор Шыңғыс Әрінов барлық сала мамандарын кәсіби мерекемен – Құтқарушылар күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр өз құттықтауында бұл күннің адам өмірін қорғауға бар күш-жігерін арнаған жандар үшін ортақ мереке екенін атап өтті.
Бұл маңызды күн адамдарды құтқару ісіне өзін арнаған барлық жандарды, олардың ведомстволық немесе ұйымдық бағыныштылығына қарамастан, біріктіретін мереке, – деді Шыңғыс Әрінов.
Оның айтуынша, Құтқарушы күні – тек Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің ғана емес, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің де еңбегін дәріптейтін ерекше дата.
Бүгінде Құтқарушы күні – қауіпсіздік күзетінде тұрған және кез келген сәтте көмекке келуге дайын ТЖМ қызметкерлерін, еріктілерді, қоғамдық және мемлекеттік емес құтқару құрылымдарының өкілдерін біріктіретін өзара құрмет пен бірліктің символы, – деді министр.
Шыңғыс Әрінов өз сөзінде министрліктің 30 жылдық тарихына тоқталып, бұл кезеңді «ерлік пен жанқиярлықтың жолы» деп сипаттады.
Осы жылдар ішінде Қазақстанның азаматтық қорғау жүйесі қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтіп, кез келген қиындықтарға тиімді жауап бере алатын қуатты әрі заманауи құрылымға айналды, – деді ол.
Сонымен қатар министр қызмет ардагерлеріне ерекше алғыс білдіріп, олардың тәжірибесі мен өнегесі жас мамандар үшін үлгі екенін атап өтті.
Сіздердің тәжірибелеріңіз, даналықтарыңыз бен өнегелеріңіз министрліктің даңқты дәстүрлерін жалғастырып келе жатқан жас құтқарушылар үшін үлкен рухани күш пен шабыт көзі, – деді генерал-майор.
Құтқарушылардың қоғам алдындағы еңбегін жоғары бағалаған Шыңғыс Әрінов барлық сала қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Күн сайын азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында алдыңғы шепте тұрған барлық қызметкерлерге, еріктілерге, азаматтық белсенділерге алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – нағыз патриотизм мен адами жанашырлықтың көрінісі, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сөз соңында Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға мықты денсаулық пен еңбекте табыс тілеп, олардың игілікті миссиясы халықтың құрметі мен ризашылығына әрдайым ие бола беретінін атап өтті.
Сіздердің игілікті миссияларыңыз әрдайым халықтың құрметі мен ризашылығына ие бола берсін!, – деді ол.
Еске салайық, Қазақстанда Құтқарушы күні жыл сайын 19 қазанда атап өтіледі. Бұл мереке ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген барлық құтқарушылардың, еріктілердің және азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің кәсіби мейрамы саналады.