Министр алдағы 5 жылда құрылатын жұмыс орындарының 80%-ы ауыл әйелдеріне бұйыратынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Қазақстан ауыл әйелдерінің IV-форумындағы құттықтауын «Жасыл» экономика және G-Global дамыту коалициясының өкілі оқып берді.

Ауыл шаруашылығы министрі «Ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігі – экономикалық тұрақтылық пен тұрақты даму жолы» атты Қазақстан ауыл әйелдерінің IV форумының басталуымен құттықтады. 

Бүгінгі Форумның тақырыбы өте маңызды, өзекті және мағыналы екені даусыз. Ауылдағы нәзік жандарымыздың ауыл шаруашылығына және ауылды одан әрі дамытуға қосқан үлестері орасан зор деп айтсам, артық болмас.  Ауылдық саладағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың басым бағыттарына ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, өңдеу, сақтау, ветеринариялық қызметтер көрсету, сондай-ақ киімдер мен трикотаж бұйымдарын шығару, қызмет көрсету жатады, - деді Қарашөкеев.

Министр міндеттер мен жоспарларға жетуге нәзік жандылардың қосқан үлесі зор екенін айтты. 

Ол атағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жақында 2021-2025 жылдарға арналған АӨК-ні дамытудың Ұлттық жобасы мақұлданды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеудің жаңа инвестициялық жобалары пысықталып жатыр. Бұл жобалар алдағы 5 жылда 100 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал оның 80 пайызын ауылдық әйелдер алады. Жалпы Ұлттық жоба аясында жобаларды жүзеге асыру қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтып, 70 мың шаруа қожалығын құруға және 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттырады, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы