Министр Аида Балаева желідегі жалған жарнамаға қатысты пікір білдірді
Әлеуметтік желіде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның суретімен жалған жарнама таратылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәтінде мемлекет басшысы қазақстандықтарға төлем тағайындауды тапсырғаны айтылған. Бұл фейк, деп хабарлады stopfake.kz.
Алаяқтар қандай сома тағайындалғанын білу үшін күмәнді сілтеме арқылы өтіп, ЖСН енгізуді ұсынады.
Белгісіз сайттарда жеке деректерді қалдырмаған жөн. Алаяқтар оларды жеке мақсатта пайдаланады, - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сайтында төлемдер туралы ақпарат болмаған және жоқ.
Мәдениет және ақпарат министрлігі де барлық жаңалықты ресми порталда жариялайды.
Бұл жағдайға қатысты министр Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба жариялады.
Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан өте күрделі төтенше жағдай орын алуда. Премьер-министр деңгейінде арнайы штаб құрылды. Оның жұмысын Мемлекет басшысының өзі үйлестіреді. Бұл ретте әлеуметтік желілерде оқиға орнынан нақты ақпарат қана емес, арандатушылық сипаттағы жалған ақпараттар да тарап жатыр. Кейбір азаматтар ақпараттың шынайылығын тексермей, таратып жібереді. Бұл онсыз да су тасқынының бел ортасында апатпен күресіп жатқан төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын қиындата түседі. Бұл техникалық құралдардың тапшылығы жағдайында тиімді жұмысқа орасан зор зиян келтіреді. Сондықтан ақпарат тарату кезінде оның дұрыстығына көз жеткізуге шақырамыз. Жалған ақпарат таралуына жол берілмейді, кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады, - деді министр.