Министр 2022 жылы қандай өндіріс орындары ашылатынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында айтты.
2022 жылы бірқатар жаңа өндіріс ашылады. «Orient Ceramic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірі көлемді керамикалық плиткаларды өндіру зауыты. Қуаттылығы 3 млн шаршы метр. «Bolashak Electric» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жабық вакуумдық ажыратқыштар мен микро-процессорлық жүйелерді өндіру зауыты. Қуаттылығы 10 мың бірлік өнім, - деді Атамқұлов.
Ол атағандай, «Valtherm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің радиаторлар өндіру зауыты жылына 7,2 млн дананы құрайды.
«SG Brick» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еліміздегі ең ірі кірпіш зауыты. Қуаттылығы жылына 100 млн дана.Ішкі нарықты отандық өндірістің неғұрлым сұранысқа ие құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамымен бірлесіп жалпы сомасы 601,3 млрд теңгеге 35 импортты алмастыратын жобаны іске асырып, 8 616 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда, - деді Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, санфаянс, керамикалық плиткалар, минералдық жылытқыштар, ағаш-жоңқа тақталары сияқты отандық құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жаңа өндірістерді ашу көзделуде.
Бұл жобаларды іске қосу ішкі нарықтағы импорт үлесін шамамен 60% төмендетеді және құрылыс материалдары бағасының ауытқуын болдырмайды, - деді ол.