Минералды тыңайтқыштар құнының жартысын мемлекет төлейді - АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. 

Есептік деректерге сәйкес, тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылды. Тұқым тапшылығы, оның ішінде, ресейлік селекциясы бойынша жетіспеушілік байқалмады. Заңнамада қарастырылған тұқым сараптамасы жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 99%-ы кондициялы деп танылды, 92%-ы себу стандартының 1 және 2-сыныбына сәйкес келеді, - деп атап өтті  министр.

Айтуынша, биыл тұқым шаруашылығын қолау үшін қазынадан қаражат бөлінген. 

Жалпы, тұқым шаруашылығын қолдауға биыл жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге қарастырылған. Тыңайтқыштарға келетін болсақ, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша 2022 жылы шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. 7 маусымдағы жағдай бойынша шаруаларға 396,1 мың тонна минералды тыңайтқыштар тиелді. Барлығы 478,3 мың тонна минералды тыңайтқыштарды тиеуге шарттар жасалды, - деді ведомство басшысы. 

Айта кетерлігі, минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 38,4 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен қосымша 11,6 млрд теңге бөлінген. Яғни сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50%-ын мемлекет өтейді. Сонымен қатар отандық тыңайтқыштардың құнын төмендету бойынша Үкіметпен жұмыс жүргізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы