"Міне, нағыз тренд". Оқушылар еден жуушыларға құрмет көрсетті
Қазақстан мектептерінде оқушылардың еден жуушы апайларға көрсеткен құрметі әлеуметтік желіде трендке айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде әлеуметтік желіде түрлі трендтер, акциялар түсіріліп жатыр. Олардың арасында қайырымдылықты, мейірімділікті, достықты, үлкенді сыйлауды насихаттайтын роликтер де жоқ емес.
Соңғы уақыттары Қазақстан оқушылары игі істі бастап, мектептегі кіші қызметкерлер, яғни тазалық қызметкерлердің қажырлы еңбегіне құрмет көрсету мақсатында акция өткізіп жатыр. Әлеуметтік желілерде балалардың апайларға түрлі тәттілерін сыйлап, тіпті тазалық жұмысына да көмектесіп жатқан видеолары тарады.
Желі қолданушылары жылы, мейірімді трендке пікірлерін қалдырып, жақсы тілектерін жарыса жазып жатыр.
"Тазалық осы кісілердің арқасында".
"Бұл сыйластықтың белгісі. Мұғалімдеріне рақмет. Оқушылары қандай мейірімді".
"Қандай керемет, әдемі көрініс".
"Осы тренд жақсы болды. Үлкендерге құрмет көрсетіледі".
"Осы трендті көрген сайын жылап аламын".
"Жарайсыңдар, міне нағыз тренд".
Сондай-ақ оқушылар мұғалімдеріне де тәтті сыйлап, қуантып жатыр.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда балалардың тәрбиесіне қатысты айтқан болатын.
Осы ретте биыл ел мектептерінде "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы енгізілгенін атап өтейік.