Міндеттерін толық орындамай жүрген ата-аналар көбейді
Павлодар облысында "жаман" ата-ана атанғандар азаймай тұр. Бұны кәмелеттік жасқа толмаған ісі жөніндегі комиссия мүшелері жасаған сараптама көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірде соңғы уақытта бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамай жүрген ата-аналар саны арта түсті. Облыстағы балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Наталья Покидованың аайтуынша, балаларды қорғау орталықтанына орналастырылып жатқан жеткіншектердің басым бөлігі "әлеуметтік жетімдер".
Арнайы орталыққа тұрғызылған балалардың 85%-ның ата-аналары бар. Осындай үрдістің орын алуының негізгі себебі ата-аналар қауымының өз міндеттерін орындауға құлықсыздығы мен өзгеруге ниетсіздігі себеп. Осы жылдың бірінші тоқсанында кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соттың шешімімен 36 ата-ананың құқығына шектеу қойылды. Тағы 24 ересек ата-ана құқығынан айырылды. Кәмелеттік жасқа толмағандардың мәселесі әр мемлекеттік органның жұмысына қатысты. Бүгінгі таңда әр мемлекеттік мекемеде бұл бағыттағы кешенді жоспарлар, мақсат-міндеттер бар, - дейді балалар омбустмені.
Ал отбасы институтын нығайту мен ата-аналардың қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында «Ата-аналар альянсы» құрылған. Сондай-ақ, барлық мектептерде "Ұлттық тәрбие – ел болашағы" ұлттық құндылықтарға негізделген концепциясы енгізілген.
Павлодар қалалық білім беру бөлімі мамандарының мәліметінше, қазіргі уақытта облыс орталығында ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім 700-ден астам ұл-қыз тұрады. Жыл басынан бері тағы 25 бала анықталып, олардың жартысы патронаттық отбасыларға орналастырылды.
Қазіргі уақытта 260 бала түрлі қолдау мекемелерінде тұрады.