19 Ақпан 2026, 15:10 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Миллионға жуық жалақы: Қаңтарда кімдердің табысы ең жоғары болды?

Нарықтағы сұраныс пен жұмыс іздеушілердің жалақы сұранысы арасында айтарлықтай алшақтық бар.

2026 жылдың басында Қазақстанның еңбек нарығында қызу қозғалыс байқалды. Қаңтар айының қорытындысы бойынша, жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған ең жоғары жалақы 991 мың теңгеге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Нарықтағы жалпы ахуал: Бір орынға екі үміткер

Enbek.kz электрондық еңбек биржасының мәліметінше, жыл басынан бері биржада 102,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, 162,4 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл көрсеткіш жұмыс іздеушілер саны бос орындардан асып түскенін көрсетеді: бір бос жұмыс орнына орта есеппен 1,58 түйіндемеден келеді.

Айта кетерлігі, жұмыс ұсыныстарының 80%-дан астамы білікті кадрларға бағытталған. Ал жұмысшы мамандықтар сұраныстың жартысына жуығын (47,6%) құрап отыр.

Ең жоғары жалақы: Кімге көп төленеді?

Қаңтар айында жұмыс берушілер ең қомақты еңбекақыны өндіруші өнеркәсіп және техникалық сала мамандарына ұсынды:

  • Бұрғылау жөніндегі супервайзерлер - орта есеппен 991 000 теңге;

  • Өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастықтары - 876 000 теңгеден бастап;

  • Бас геологтар - 803 000 теңгеден бастап.

Жұмыс іздеушілердің сұранысы: 1,3 млн теңгелік күтім

Қызықтысы, үміткерлердің жалақы бойынша талаптары жұмыс берушілердің ұсыныстарынан да жоғары. Ең жоғары жалақы күтімдері келесі мамандардың түйіндемесінде байқалды:

  • Жаңа өнімдерді әзірлеу жөніндегі жоба жетекшілері - 1,3 млн теңге;

  • Коммерциялық директорлар (жеке сектор) - 1,2 млн теңге;

  • Іске қосу және сынақтар жөніндегі инженерлер - 865 000 теңге.

Ең көп сұранысқа ие мамандықтар мен салалар

Жоғары жалақы тар шеңбердегі мамандарға ұсынылғанымен, нарыққа жаппай қажетті кадрлар мүлдем бөлек. Сұраныс негізінен бес салада шоғырланған:

  1. Білім беру - 33 мыңнан астам бос орын (математика мұғалімдеріне сұраныс жоғары - 1,7 мың).

  2. Қызмет көрсетудің өзге түрлері - 11,4 мың бос орын.

  3. Денсаулық сақтау - 9,7 мың бос орын (мейіргерлер мен санитарлар ең көп қажет).

  4. Мемлекеттік басқару - 7 мың бос орын.

  5. Өңдеу өнеркәсібі - 6,9 мың бос орын.

Аймақтық белсенділік: Көш басында кімдер?

Жұмыс орындарының ең көп саны Астана (8,9 мың), Түркістан (7,3 мың) және Қарағанды (7,1 мың) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (6,9 мың) қолжетімді.

Ал түйіндеме жариялаған жұмыс іздеушілердің ең көбі Түркістан облысынан (23 мың) тіркелді.

Сондай-ақ Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының тұрғындары жоғары белсенділік танытқан.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда орташа зейнетақы мөлшері қанша болғаны жарияланды.