Депутат: азаматтарды алаяқтардан қорғау жүйесі әлсіз
Депутат қоғамдағы өзекті мәселені айтты.
Сенатор Бибігүл Жексенбай азаматтардың алаяқтардан қорғану мүмкіндігі шектеулі екенін, сондай-ақ кейбір мемлекеттік органдар тарапынан мәселені шешуге жеткілікті назар аударылмай отырғанын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл сауалға мүгедектігі бар адамдардан құралған бір отбасының сенаторға жүгінуі түрткі болған. Олар тұрғын үй құрылысына миллион теңге инвестиция салғанымен, қаражатты алған құрылыс салушы кейін ізін суытып кеткен.
Қарыздарын өтеуге тырысқан отбасы бұдан кейін тағы бір соққыға ұшырап, алаяқтар алып кеткен несиелік көлігінен де айырылған. Соған қарамастан банк алдындағы міндеттемелері күшінде қалып, күнделікті тұрмысын әрең қамтамасыз етуге мәжбүр болып отыр.
Сенатордың айтуынша, бұл жағдай бойынша мемлекеттік органдарға бірнеше рет өтініш жасалғанымен, нақты нәтиже болмаған, керісінше формалды жауаптар көбейген. 2021 жылы шығарылған сот шешімі де бүгінге дейін орындалмай келеді, себебі борышкердің атына тіркелген мүлік жоқ.
Оның сөзінше, заңнамада сот актілерін орындаудан жалтарғаны үшін, соның ішінде активтерді жасыруға байланысты жауапкершілік көзделген. Алайда тәжірибеде бұл нормалар толық іске аспай, зардап шеккен азаматтар тиісті қорғаныссыз қалып отырғанын атап өтті.
Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтар көбінесе әдеттегі жағдайдағы байланыс орталықтарын, цифрлық қызметтерді немесе ЖИ көмекшілерін пайдалана алмайды. Нәтижесінде, қорғауға мұқтаж адамдар жүйеден тыс қалуда. Осыған байланысты алаяқтықпен және осал азаматтарды қорғауға байланысты істер бойынша сот шешімдерін орындаудың бірыңғай мекемеаралық келісілген практикасын, сондай-ақ сот-құқық қорғау органдары, сот орындаушылары, банктер және өзге де құрылымдардың іс-қимылдарын нақты үйлестіруді қарауды сұраймыз, - деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ ол жауапкершілікті күшейтуді сұрады.
Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға арналған өзара іс-қимыл мен көмектесетін балама арналармен қоса мемлекеттік және цифрлық сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Сондай ақ сот актілерін орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы мәселені қарауды сұраймыз, - деді сенатор.