"Миллиондаған теңге". Мұхтар Тайжан төленбеген салығына қатысты пікір білдірді

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та міндетті табыс салығын дұрыс көрсетпеген танымал әнші, блогер және журналистердің тізімі тарап жатыр. Тізімде өз атын тапқан саясаткер Мұхтар Тайжан осы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында блогерлердің тізімі жарияланыпты, онда олар салықты толық төлемеді-міс. Сол тізімде менің де атым бар екен, бірақ салыстырмалы түрде шағын сома көрсетілген. 2022 жылы шамамен 10 млн теңге, 2023 жылы тағы 10 млн теңге, барлығы 20 млн теңге шамасында. Басқалар туралы ештеңе айта алмаймын, бірақ өз жағдайымды салық органынан анықтап алдым. Сонда мені блогерлер қатарына енгізу себебі – Facebook, Instagram және YouTube-тағы жазылушыларымның көптігі. Салық органдары мені жасырын жарнама жасайды деп күдіктеніп, барлық жеке банктік карталарымдағы қаржы айналымын тексеруді сұратқан, - дейді ол.

Оның айтуынша, салық органдары есепті дұрыс шығармаған. 

Қаржылық операцияларымды зерттегеннен кейін олар менің барлық кірісімді жарнамалық қызмет үшін төлем деп санап, салық төлеу туралы есеп шығарған. Бірақ бұл аударымдардың ешбірі заңды тұлғалардан түскен емес. Барлығы – жеке аударымдар: отбасылық төлемдер, менің басқа банктегі шоттарымнан, депозиттерімнен алынған қаражат, банкоматтан қолма-қол толықтырулар және т.б. Салық органдары мұның бәрін жарнамадан түскен табыс ретінде есептеп қойған. Енді менде 2022-2023 жылдардағы барлық аударымдар бойынша құжаттық есеп беру үшін 1 ай уақыт бар, сонымен айналысып жатырмын. Бұған сабырлы қараймын, бұл туралы жазу жоспарда болмаған, өйткені салықтық тексеруден бірінші рет өтіп тұрған жоқпын. Бірақ аты-жөнім тізімде жарияланғандықтан, түсініктеме беруді жөн көрдім. Салықтық тексеру нәтижелерін кейінірек бөлісемін, - деді Мұхтар Тайжан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: facebook.com/mukhtar.taizhan
Өзгелердің жаңалығы