Бұл қала миллиондаған қазақстандықтарға мүмкіндік берген қала

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Астана қаласының құрылуы Қазақстан тәуелсіздігінің кезеңдерін білдіретін нышан», - дейді «Nur Otan» партиясының стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Юлия Кучинская

«Астана қаласы Елбасымыздың өз қолымен қалаған қаласы. Бұл қала бірінші кезекте біздің Тәуелсіздігімізді, біздің жетістіктерімізді көрсететін қала. Бұл қала миллиондаған қазақстандықтарға мүмкіндік берген қала. Экономикамызға үлкен серпін берген қала. 1997 жылдың өте бір қиын-қыстау кезең болғаны белгілі. Бұл кезде ел экономикасының алға жылжуы туралы сөз де қозғалмайтын. Міне нақ осы кезде Астана қаласының құрылысы басталып, ел дамуына үлкен серпін берген болатын», - дейді Юлия Кучинская.

Тарихта қалалардың атауын олардың негізін қалаушылардың есімімен атау фактілерінің аз кездеспейтінін айтқан ол мұндай тәжірибе көрші Ресейде, сондай-ақ дамыған мемлекеттерде де бар екенін алға тартты.

«Мысалы көрші Ресейдің Санкт-Петербург қаласын алып қарайық. Тарихтың әр кезеңдерінде бұл қала түрлі атаулармен аталғанымен, ақыр соңында оның іргетасын қалаған Петрдің есіміне қайта оралды. Америка Құрама Штаттарын алып қарайық. Тіпті Джордж Вашингтоннан бөлек, осындай негізін қалаушылардың есімімен аталған қалалар қаншама?», - деді Юлия Владимировна.

Астана қаласының бірнеше кезеңнен өтіп, осы күнге жетуінің өзін тарихи жеңіске балаған азаматша оның құрылу тарихын өз көзімен көргенін айтады.

«Астана қаласының құрылуы Қазақстанның тәуелсіздік кезеңдерін білдіретін нышан. Атап айтсақ, бұрынғы Целиноград қаласының – Ақмолаға ауысуы еліміздің Тәуелсіздік алуының нышаны болса, Ақмоланың – Астанаға аталуы еліміздің дамуға бет алғанының көрінісі болды. Осы 21 жыл ішінде Астанамыз бас болып еліміз көптеген көрсеткіштерде алға шықты. Енді оның «Нұр-Сұлтан» қаласы болып өзгертілуі халқымыздың құндылықтарын жаңғырту болмақ. Сондықтан бұл атау өте орынды және уақытылы ұсынылған бастама деп ойлаймын», - деп қосты ол.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы