Миллион теңгеге дейін грант береміз – Тұқымов
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының қатысушыларымен кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қазақстанның болашақ келбеті» бағдарламасы ҚСЗИ тарапынан маусымда іске қосылған болатын. Онда жас сарапшыларға Досым Сәтбаев, Сұлтан Әкімбеков, Марат Шибұтов сияқты ғалым-сарапшылар дәріс берді.
Бүгін әлемдегі ең үлкен бәсекелестік жас таланттар үшін жүріп жатыр. Сондықтан олар үшін де күресу керек. Біз мемлекеттің, Президент әкімшілігінің көмегімен аналитикалық мектепті бірінші жыл жүргізіп жатқан жоқпыз. Бірақ ол жүйелі түрде болады деп үміттенемін. Өйткені біз оларды жазу аналитикасымен ғана таныстырып қоймай, қаржылық гранттар да береміз, - деді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов.
Сондай-ақ Тұқымов шекті жасты 40 жасқа дейін ұзартқанын хабарлады. Сол арқылы жас сарапшыларды іздеу кеңігенін жеткізді.
Оқытуға 30 адам қатысты. Біз тым үлкен формат жасамаймыз деп шештік. Өйткені сарапшы, аналитиктер көп болуы мүмкін емес. Осы отыздықтың ішінен 15-ін іріктеп, олардың әрқайсысына миллион теңгеге дейін грант береміз, аналитикалық жұмыс жүргізеді. Қорытынды бойынша оларға Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтынан және басқа да мемлекеттік мекемелерден жұмыс ұсынылады, - деді ол.
Бағдарлама қатысушылары арасында А.Қарсақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі Лашын Абдильдинова да болды.
Білім саласында жүрсем де, ғылымнан кете алмадым, тартып тұрады. Осы байқауды естіген кезде бірден осы бағдарламаға қатысқым келді және екінші кезеңге өткеніме қуаныштымын. Құжат тапсырған соң ғылыми жобаларды жүргізу, оларды жариялау, ғылыми жобада нақты нәтижеге жету үшін өтетін кезеңдер сияқты бірнеше бағыттар бойынша арнайы семинарлардан өттік. Осы бағдарламаның аясында сұхбаттар алдым. Оларға интерпретация жүргізіп, ғылыми айналымға енгізу, мұғалімдік қызметпен бірге алып жүру мен үшін үлкен мүмкіндік, - деді ол.
Кездесу барысында бағдарлама қатысушыларына білім беру хабының сертификаттары табысталды.
Айта кету керек, ҚСЗИ сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал ететін жас сарапшыларды қолдау бағдарламасын ары қарай жалғастырмақ.