Миллиардтар өндірісқа құйылды: Қазақстан экономикасында не өзгерді?
2025 жылғы Жолдаудан кейін өңдеу өнеркәсібіндегі бірқатар жоба іске қосылды. Автомобиль, металлургия және химия салаларында жаңа қуаттар пайда болды.
2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Президент онда экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және елдің цифрлық трансформациясын жеделдету міндеттерін айқындады.
Жолдауда қойылған міндеттердің маңызды бөлігі – шикізатқа тәуелділікті азайтып, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді көбейту. Осы бағытта 2025-2026 жылдары Қазақстанда бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, машина жасау, металлургия, химия, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жаңа өндірістік қуаттар пайда болды.
Автомобиль өнеркәсібіндегі ірі жобалар
2025 жылдың ең ірі өндірістік жобаларының бірі – Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік автомобиль зауытының іске қосылуы. Кәсіпорынға 182 млрд теңге инвестиция салынған, өндірістік қуаты жылына 120 мың автомобильге дейін жетеді. Зауытта Chery, Changan, Haval және Tank маркалы көліктер шығарылады. Жоба аясында 3,6 мың жұмыс орны құрылды.
Қостанай облысында қуаты жылына 70 мың автомобиль өндіруге есептелген KIA Qazaqstan зауыты да іске қосылды. Кәсіпорынға 131,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. Екі зауытқа салынған инвестиция көлемі шамамен 347 млрд теңгеге жетіп, 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Автомобиль өндірісімен қатар, компоненттік базаны қалыптастыруға да басымдық берілуде. Мәселен, Қостанайда KamLitKZ кәсіпорнының коммерциялық көліктерге арналған редукторлар шығаратын зауыты пайдалануға берілді. Оның жобалық қуаты – жылына 74 мың бірлік. Бұл Қазақстандағы автомобиль өндірісін біртіндеп терең локализациялауға мүмкіндік беретін жобалардың бірі.
Металлургия мен өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа қуаттар
2025 жылы Қазақстанда жалпы 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілді. Олар машина жасау, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп сияқты бағыттарды қамтыды.
Солардың қатарында Павлодар облысындағы EkibastuzFerroAlloys ферроқорытпа зауыты бар. Жобаға 92,4 млрд теңге инвестиция салынып, жылына 240 мың тонна ферросилиций өндіруге мүмкіндік беретін қуат құрылды. Кәсіпорын 800 жаңа жұмыс орнын ашты.
Қарағанды облысында Qaragandy Power Silicon кешенді қорытпалар зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 175 мың тоннаға дейін жетеді, жобаға 62,7 млрд теңге инвестиция салынған және 1 145 жұмыс орны құрылған. Сонымен бірге өңірде ТЭМПО-Казахстан кәсіпорны іске қосылып, жылына 250 мың тонна өнім шығаруға бағытталған өндіріс жолға қойылды.
Өңдеу өнеркәсібіндегі бұл жобалар тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.
Химия өнеркәсібі және жаңа өндірістер
Қазақстанда химия өнеркәсібін дамыту да жаңа инвестициялық жобалар арқылы күшейіп келеді. 2025 жылы бұл салада 13 жоба іске қосылып, оған 74,5 млрд теңге инвестиция салынды және 932 жұмыс орны құрылды. Жаңа кәсіпорындардың қатарында Алматы облысындағы сұйық шыны өндіретін Hong Shun, Батыс Қазақстан облысындағы метанол өндіретін Sintez Ural және Түркістан облысындағы қаптама материалдарын шығаратын QazEcoPack жобалары бар.
Инвестициялық белсенділік артып келеді
Жаңа өндірістердің іске қосылуы елдегі инвестициялық белсенділіктің өсуімен қатар жүрді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 13%-ға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 30,1%-ға артты.
Бұл көрсеткіш Президент Жолдауында айтылған инвестицияларды шикізат секторынан өңдеу өнеркәсібіне қарай қайта бағдарлау міндетінің өзектілігін көрсетеді. 2026 жылы бұл бағыт жалғасын тауып отыр: Үкімет жаңа инвестициялық циклді қалыптастыру шеңберінде жоғары қосылған құны бар өндірістерге басымдық беруде. 2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша, құны 78,6 млрд доллар болатын 215 жоба жаңа инвестициялық циклдің негізін қалыптастыруда.
2026 жылы да жаңа жобалар іске қосылуда
Жаңа өндірістерді іске қосу қарқыны 2026 жылы да сақталды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өсті. Үкімет бұл өсімнің бір бөлігін жаңадан іске қосылған өндірістік қуаттардың есебінен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Машина жасау, химия, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса, жеңіл өнеркәсіп сияқты салаларда оң динамика байқалды.
Осылайша, 2025 жылғы Жолдаудан кейінгі кезеңде Қазақстан экономикасында жаңа кәсіпорындар мен өндірістік қуаттарды іске қосу жалғасып келеді. Автомобиль жасау, металлургия, химия және басқа да өңдеу салаларындағы жобалар ел экономикасының шикізаттық моделінен біртіндеп жоғары қосылған құны бар өндірістерге қарай бет алғанын көрсетеді.
Бұл үрдістің негізгі нәтижесі – өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құру, технологияларды ел ішінде игеру, импортты алмастыру және отандық өнімнің экспорттық мүмкіндігін кеңейту. Ал 2026 жылы қалыптасып жатқан жаңа инвестициялық цикл осы бағытты ұзақ мерзімді негізде жалғастыруға бағытталған.