24 Тамыз 2026, 10:16 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Миллиардтар бюджетке қайтарыла бастады: Прокуратура 30,1 млрд теңге залалды өндіріп жатыр

Соңғы екі жылда мемлекетке 66,5 млрд теңге залал келген. Оның 30,1 млрд теңгесі өтелмеген. Прокурорлардың шарасынан кейін 651 млн теңге өндірілді.

Қазақстанда қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеу бағытында прокуратура органдарының жұмысы күшейтілді. Соңғы екі жылда қаралған қылмыстық істер бойынша мемлекетке 66,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Оның 30,1 млрд теңгесі өндірілмей қалған, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасы.

Бас прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде залалды бюджетке қайтаруға кедергі келтірген негізгі себептердің бірі уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекетке келтірілген шығынды өндіру туралы талап қоюларды уақытылы бермеуі болғаны анықталған.

Осыған байланысты Бас прокуратура мемлекеттің мүліктік мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған жүйелі жұмысты ұйымдастырды.

Прокурорлар жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеге 6 ұсыну, 3 наразылық және 27 талап қою енгізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 651 млн теңге мемлекет кірісіне нақты өндірілді.

Қалған залалды өтеуге қатысты талап қоюлар қазіргі уақытта соттарда қаралып жатыр.

Қызылорда облысындағы іс

Прокуратура келтірілген залалды өндіріп алу жұмысының нақты мысалы ретінде Қызылорда облысындағы істі келтіреді.

Тергеу барысында екі азаматтың ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, 63 автокөліктің техникалық құжаттарына өзгеріс жасағаны анықталған.

Осының салдарынан бюджетке:

* 16 автокөлік бойынша 115,3 млн теңге кедендік төлем;
* 63 автокөлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 460,6 млн теңге алым түспеген.

Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін уәкілетті орган сотқа жүгінген. Нәтижесінде 575,9 млн теңгені мемлекет пайдасына өндіріп алу қамтамасыз етілді.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұл – мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі.

Прокуратура органдарының басты мақсаты – мемлекетке келтірілген залалды анықтап қана қоймай, оны нақты өндіріп, бюджетке қайтаруды қамтамасыз ету.

Бюджетке қайтарылған әрбір теңге мемлекет пен қоғам игілігіне жұмсалуға тиіс.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қайтарылған активтердің 610 млрд теңгеден астамы Қазақстан өңірлерін дамытуға бағытталған. 617,7 млрд теңгеге 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданды.

Тағы оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер Қарағанды облысында қайда жұмсалып жатыр?