Әскери қызметшілерге коронавирустен сақтану шаралары түсіндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытайдың Ухуань қаласынан кенеттен шығып, бүкіл әлемге тарала бастаған коронавируске қарсы сақтық шаралары Қазақстанда да күшейтілуде. 

Осыған орай, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілеріне қауіпті індеттің таралу жолы, оның симптомдары мен одан сақтану шаралары түсіндірілді. 

Бұл туралы РЭжБӘИИ баспасөз қызметі хабарлады.


Тыныс алу жолдарының инфекциясын тудыру арқылы адамнан адамға жылдам берілетін бұл жұқпалы вирус – жаңа коронавирус індетінің қоздырғышы болып табылады. Қазіргі таңда тарап жатқан вирус инфекциясы әлі толық зерттеліп біткен жоқ, түрлі сынақтар жүргізіліп жатыр. Әзірше, оған қарсы дәрі де, вакцина да жоқ, - деді Алматы қалалық №15 емханасының эпидемиолог дәрігері Жадыра Райханова. 
Дәрігердің айтуынша, бұл респираторлық инфекция ауамен таралады, тыныс алу жолдары арқылы, сондай-ақ түшкіргенде, жөтелгенде, осы сырқатты жұқтырған адамды ұстағанда жұғады. 

Медицина маманының айтуынша, бірқатар ережені ұстану арқылы адам вирустық инфекцияның жұғуынан сақтана алады. Атап айтқанда, қолды жиі сабындап жуу, медициналық маска тағып, оны 2 сағат сайын ауыстырып отыру, адам көп жиналған жерлерге бармау, жуылмаған жеміс-жидектерді, шикі сүт өнімдерін, шала піскен ет тағамдарын жемеу. 

Кәсіби медицина маманын шақырып, кездесу өткізу арқылы әскери институттың жеке құрамына қауіпті індеттің белгілері, таралуы туралы толық ақпарат бердік. Аталған індетке қарсы сақтық шараларымен таныстырдық. Әр адам өз иммунитетін көтеріп, жеке бастың гигиенасын сақтау арқылы кез келген аурудың алдын алады, - деді әскери институттың медицина қызметінің бастығы, майор Ғалым Ташимов.

Шара соңында әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы